Сүт безі қатерлі ісігін емдеу мен оңалтудағы онкопластикалық хирургияның артықшылықтары мен шектеулері: әдебиетке шолу
DOI:
https://doi.org/10.52532/2521-6414-2025-4-78-614Кілт сөздер:
breast cancer, oncoplastic surgery (OPS), surgical rehabilitation (SR).Аңдатпа
Өзектілігі: Қазіргі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректері бойынша, сүт безі обыры – қатерлі ісіктің ең жиі кездесетін түрі және 2022 жылы Азия әйелдері арасындағы онкологиялық өлім-жітімнің жетекші себебі болып табылады. Аурудың еңбекке қабілетті жастағы адамдар арасында жиі анықталуына байланысты хирургиялық емдеу әдістері кеңінен қолданылып, үнемі жетілдірілуде. Онкопластикалық хирургия (ОПХ) оңалту бағдарламасының маңызды бөлігі ретінде танымал бола түсуде.
Зерттеудің мақсаты – Сүт безі обырымен ауыратын науқастарды емдеуде және операциядан кейінгі оңалтудан өткізуде қазіргі заманғы онкопластикалық хирургия әдістерінің артықшылықтары мен шектеулерін бағалау.
Әдістері: Ғылыми басылымдарды іздеу 2015 және 2025 жылдар аралығында Scopus, PubMed және E-Library дерекқорларында жүргізілді. Іздеу барысында 2500-ден астам мақала анықталды, оның 32 дереккөзі қосу және алып тастау критерийлеріне сәйкес таңдалды.
Нәтижелері: Онкопластикалық хирургияның сүт безі обырынан кейінгі операциялық оңалтудағы тиімділігі анықталды. Дәстүрлі мастэктомиямен салыстырғанда, ОПХ онкологиялық қауіпсіздік деңгейін сақтай отырып, эстетикалық нәтижелердің анағұрлым жоғары болуын қамтамасыз ететіні дәлелденді.
Қорытынды: Қазіргі әдебиеттерде сипатталған жоғарыда аталған әдістерді өзара салыстыра келе, онкопластикалық тәсілді науқастарды оңалту барысында қолдану сүт безі обырын кешенді емдеудің маңызды бөлігі болып табылады деген қорытындыға келдік. Бұл тәсіл кәсіби тұрғыдан да, пациентке бағытталған сауалнамалар арқылы да одан әрі сипаттауды және бағалауды қажет етеді.