Өкпенің қатерлі ісігі бар науқастардың өмір сапасын EORTC QLQ-C30 шкаласы бойынша бағалау

Авторлар

  • Б.М. Тұрмаханбетов Казахстанский медицинский университет «ВШОЗ» https://orcid.org/0000-0001-6241-2447
  • Г.Ж. Токмурзиева Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығы
  • З.А. Керимбаева Астана медицина университеті https://orcid.org/0000-0003-2618-3151
  • Debnath Reeti Маулана Абул Калам Азад технологиялық университеті https://orcid.org/0000-0003-2702-6924

DOI:

https://doi.org/10.52532/2521-6414-2025-4-78-611

Кілт сөздер:

Өкпенің қатерлі ісігі, өмір сапасы (ӨС), EORTC QLQ-C30, онкология, ентігу, шаршау

Аңдатпа

Өзектілігі: Ұсақ жасушалы емес өкпе обыры (ҰЖЕӨО) әлемде және Қазақстанда онкологиялық өлім-жітімнің жетекші себептерінің бірі болып табылады. Қазақстанда жыл сайын шамамен 5000 жаңа жағдай анықталады, олардың 70%-ы аурудың кеш (III–IV) сатыларында диагностикаланады. Осыған байланысты, қазіргі онкологияда өмір сүру ұзақтығымен қатар пациенттердің өмір сүру сапасын (ӨСС) бағалау маңызды. ӨСС көрсеткіштері аурудың ағымын болжауға және стационарлық ем мен паллиативтік көмектің тиімділігін кешенді бағалауға мүмкіндік береді.

Зерттеу мақсаты – ұсақ жасушалы емес өкпе обыры бар науқастардың өмір сүру сапасын кешенді бағалау және физикалық және эмоционалдық функцияға әсер ететін статистикалық маңызды клиникалық және әлеуметтік предикторларды анықтау.

Әдістері: Зерттеу жұмысы ауруханалық жағдайда емделген ҰЖЕӨО диагнозы бар 163 науқастың өмір сүру сапасын бағалау бойынша жүргізілді. Бағалау үшін EORTC QLQ-C30 сауалнамасы (3.0 нұсқасы) қолданылып, функционалдық шкала, симптомдық шкала, жалпы денсаулық/ӨС шкаласы көрсеткіштері қамтылды. Талдау үшін Стьюденттің t-критерийі, бірфакторлы дисперсиялық талдау (ANOVA) және көпфакторлы логистикалық регрессиялық талдау қолданылды.

Нәтижелері: ӨС бойынша орташа балл – 55,25 құрады. Функционалдық көрсеткіштердің ең төменгі мәндері рөлдік қызметтерде (40,50) және физикалық қызметтерде (52,10) тіркелді. Шаршау (71,80) және ентігу (65,40) симптомдары ең айқын ауыртпалық болып табылды. Гендердік стратификациялық талдау көрсеткендей, әйел адамдарда рөлдік қызмет көрсеткіштері едәуір төмен болды (p = 0,028), ал ер адамдарда эмоционалдық қызмет (p = 0,037) шкаласы төмен; сонымен қатар, қаржылық қиыншылықтармен жиірек әйел адамдар (p = 0,049) кездесті. Логистикалық регрессиялық талдау нәтижелері бойынша, әйел адамдарда физикалық қызметтердің төмендеуі денсаулыққа қатысты тәуекелдерді арттырады (p = 0,039). Дәрігердің науқасты тиісті ақпаратпен хабардар етпеуі (β = 0,780, p = 0,005) және науқастардың «Жұмыссыз» мәртебесі (β = 0,550, p = 0,045) эмоционалдық дисфункцияның статистикалық тұрғыдан маңызды болжаушы факторлары болып табылады. 

Қорытынды: Зерттеу нәтижелері ауру ауыртпалығының негізінен физикалық және рөлдік қызметтер бойынша шоғырланғанын көрсетті. Эмоционалдық дисфункцияның статистикалық тұрғыдан маңызды болжаушы факторлары ретінде өзгертілуге болатын келесі психосоциалдық көрсеткіштер анықталды.

Жүктеулер

Жарияланды

30.12.2025
Көрген адамдардың саны: 111