Т-жасушалы лимфоманы емдеудегі заманауи тәсіл: терапиялық стратегияны көрсету (клиникалық жағдай)
DOI:
https://doi.org/10.52532/2521-6414-2025-2-76-500Кілт сөздер:
орталық жүйке жүйесінің біріншілік лимфомалары (ОЖЖБЛ), эпидемиология, Т-жасушалық лимфомалар, анапластикалық ірі жасушалы лимфома (АІЖЛ), таргеттік терапияАңдатпа
Өзектілігі: Орталық жүйке жүйесінің біріншілік лимфомалары (ОЖЖБЛ) - лимфомалардың сирек кездесетін түрлерінің бірі болып табылады, олар ОЖЖ-нің барлық лимфомаларының 2%-ын құрайды және болжамы қолайсыз болып есептеледі. Қазақстан Республикасындағы ЭРОБ Ақпараттық Жүйесінің деректеріне сәйкес, 2023-2024 жылдары «ОЖЖ лимфомасы» диагнозы морфологиялық түрде 13 адамда расталған. ОЖЖБЛ ішінде анапластикалық лимфома киназа (АЛК)-теріс анапластикалық Т-жасушалы лимфома - жоғары дәрежелі қатерлі ісік түрі, ағымы агрессивті болады. Мұндай науқастарды емдеу мәселелері әлі толық шешілмеген, бұл өз кезегінде дәлелді деректер қорын кеңейтуді және клиникалық бақылаулар санын арттыруды талап етеді.
Зерттеудің мақсаты – клиникалық жағдай мен әдеби деректер негізінде ОЖЖ-нің АЛК-теріс анапластикалық ірі жасушалы лимфомасы (АІЖЛ) – Т-жасушалық лимфомамен ауыратын науқаста химио-таргеттік біріктірілген терапияны аутологиялық сүйек кемігінің трансплантациясымен қатар қолданудың тиімділігін көрсету.
Әдістер: Мақалада ОЖЖ-нің Т-жасушалық лимфомасы бар науқастың клиникалық жағдайы мен әдеби шолу сипатталған. Осындай зерттеу деректері ұсынылған: компьютерлік томография (КТ), позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ), бас миына жасалған магниттік-резонанстық томография (МРТ), сондай-ақ операциядан кейінгі материалға жүргізілген патоморфологиялық және иммуногистохимиялық зерттеу. Аурудың динамикасы мен емге жауабы баяндалған.
Нәтижелер: «ОЖЖ-нің біріншілік анапластикалық лимфомасы, АЛК-теріс түрі» деген клиникалық диагнозы бар науқасқа микрохирургиялық жолмен ісік алынып тасталғаннан кейін, аурудың сирек кездесетін нұсқасы мен ісіктің орналасуын ескере отырып, операциядан кейінгі материалға патоморфологиялық және иммуногистохимиялық зерттеу жүргізіліп, препараттарды қайта қарау жүзеге асырылды. Емдеу тактикасы ретінде таргеттік препарат – брентуксимаб ведотинді қамтитын біріктірілген ем таңдалды. Ұсынылған клиникалық жағдай АЛК-теріс түріндегі ОЖЖ-нің анапластикалық лимфомасын емдеуде ісіктің биологиялық ерекшеліктері мен науқастың жеке жағдайын ескере отырып, химио-таргеттік біріктірілген терапияны қолданудың әлеуетін көрсетеді.
Қорытынды: Дұрыс ем тактикасын таңдау дәл диагноздың уақытында қойылуына тікелей байланысты, сондықтан диагностика - науқасты жүргізу алгоритміндегі негізгі буын болып табылады. Осыған орай, морфологиялық және иммуногистохимиялық зерттеулер жүргізу аса маңызды. Мұндай науқастардың болжамын жақсарту және өмір сүру көрсеткіштерін арттыру мақсатында соңғы жылдары емдеудің таңдаулы стратегиясы ретінде қарқынды химиотерапиялық схемалар мен заманауи таргеттік препараттарды қамтитын біріктірілген емдеу тәсілдерін әзірлеу және қолдану ұсынылып отыр.