Сүт безі қатерлі ісігі бар емдеуден өткен әйелдердің өмір сапасына әсер ететін факторларды анықтау

Авторлар

  • Кереева Н.М. «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КеАҚ, «Онкология» кафедрасы https://orcid.org/0000-0001-6205-4029
  • Ишимова Л.А. «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КеАҚ, «Онкология» кафедрасы https://orcid.org/0009-0005-2712-3873
  • Айтмағанбет П.Ж. «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КеАҚ, «Онкология» кафедрасы https://orcid.org/0000-0002-1958-0493
  • Туляева А.Б. «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КеАҚ, «Онкология» кафедрасы https://orcid.org/0000-0001-7149-0121
  • Тажбенова С.Т. «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КеАҚ, «Онкология» кафедрасы https://orcid.org/0000-0002-4073-0070

DOI:

https://doi.org/10.52532/2521-6414-2025-3-77-494

Кілт сөздер:

әйел, сүт безі қатерлі ісігі (СБҚІ), өмір сапасы, EORTC QLQ-BR23, әлеуметтік-демографиялық факторлар, клиникалық факторлар

Аңдатпа

Өзектілігі: Сүт безі қатерлі ісігі (СБҚІ) – әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі және оның физикалық, психоэмоционалдық, әлеуметтік және сексуалдық салдарлары әйелдердің өмір сапасына (ӨС) теріс әсер етеді. Емнен кейінгі кезеңде ӨС төмендеуі пациенттердің толыққанды оңалуына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан СБҚІ бар әйелдердің ӨС әсер ететін әлеуметтік-демографиялық және клиникалық факторларды зерттеу өзекті мәселе болып табылады.

Зерттеу мақсаты – сүт безі қатерлі ісігі бар емдеуден өткен әйелдердің өмір сапасына әлеуметтік-демографиялық және клиникалық факторлардың әсерін анықтау.

Әдістері: Зерттеу М.Оспанов атындағы БҚМУ Медициналық орталығында жүргізілді. Қатысушылар EORTC QLQ-BR23 стандартына сәйкес сауалнама толтырды. Қатысушылар саны – 103 әйел. Деректерді жинау барысында сауалнама сұрақтарымен қоса респонденттердің әлеуметтік-демографиялық және клиникалық деректері анықталды. Деректер IBM SPSS Statistics 25.0 бағдарламасында өңделді. Статистикалық талдау көпөлшемді логистикалық регрессия әдісі арқылы жүргізілді.

Нәтижелері: Зерттеу нәтижелері бойынша, некеде тұрмайтын (p=0,022) және ауруды өздігінен анықтаған әйелдер (p=0,030) ӨС төмен бағалады. Жұмысы бар (p=0,040) және ағза сақтайтын сүт безінің кеңейтілген секторалды резекция (СБКСР) операциясынан өткен әйелдер (p=0,013) дене бейнесін жоғары бағалады және болашаққа сенімі жоғары болды (p=0,041). Жұмыссыз және орта білімді әйелдерде сексуалдық функция мен болашаққа сенім көрсеткіштері едәуір төмен болды (p<0,05). Зейнеткерлерде қол симптомдары жиірек (p=0,003), ал СБКСР операциясынан кейін шаш түсу жиілігі артқаны байқалды (p=0,030).

Қорытынды: Алынған зерттеу нәтижелері көрсеткендей СБҚІ бар әйелдердің ӨС әсер ететін факторлар көпқырлы. Әлеуметтік-экономикалық жағдай, операция түрі және психоэмоционалдық қолдау ӨС айқындайтын негізгі көрсеткіштер болып табылады. Бұл нәтижелер реабилитациялық бағдарламаларды жетілдіруде ғылыми негіз ретінде қызмет ете алады.

Жүктеулер

Жарияланды

01.10.2025
Көрген адамдардың саны: 168